ТЖ кезінде 153 197 маңғыстаулық 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек алды

/image/2020/05/12/crop-515_164_416x762_snimok-ekrana-545.png

Бұл  туралы қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев мәлім етті.

Бүгін ҚР президенті ел аумағында енгізілген төтенше жағдай тоқтатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, коронавирустың қазіргі ахуалы сараланып, кей өңірлердегі дерттің бәсеңдемей отырғандығы және халықтың денсаулығына әлі де қауіп бар екендігі расталды.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай режимі аяқталғанымен Маңғыстау облысында карантин режимі мен шектеу шаралары 11 мамыр таңғы сағат 07:00 бастап 25 мамырдың 07:00 сағатына дейін ұзартылды.

Мемлекет басшысы «Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия» болып қайта құрылатындығын атап өтті.

Жалпы төтенше жағдай режимі кезеңінде халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін еліміз бойынша 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.

Бүгінде  ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда.

Еліміз бойынша 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ал, Маңғыстау облысында осы қаржылай қолдауды 153 197 адам алып отыр.

«Нұр Отан» партиясының «Біз біргеміз» акциясының аясында және өзге де қайырымдылық шаралары барысында өңірде 20 000-ға жуық азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді.

Сонымен бірге, коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетіліп, оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алуда.

Жалпылай айтқанда, үкімет деңгейінде азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Бұл жоспар жуық арада бекітілетін болады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар